Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің ерлігін ұлықтау, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен тарихи жадыны қалыптастыру.
Жиналғандар майдан даласында шейіт болып, жат жердің топырағы бұйырған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, соғысқа қатысып, бүгінде арамызда қалған санаулы қарт жауынгерлерге құрмет көрсету баршаның қасиетті борышы екенін айтты.
– Соғыс жылдары елімізден 1 миллион 366 мың жауынгер майданға аттанды. Оның 120 мыңнан астамы Алматы өңірінен болды. Майдан шебінен мыңдаған боздақ қайтып оралмады. Алматы өңірінен аттанып, соғыста ерен ерлігімен танылған 40 жауынгерге Кеңес одағының Батыры атағы берілді. Бұл – халқымыздың Отан үшін жанын аямай, ерлік пен батырлықтың өшпес үлгісін көрсеткенінің айқын дәлелі.
Алматы облысы әкімдігі тарапынан жыл сайын әлеуметтік, материалдық және моральдық қолдау шаралары жүзеге асырылуда.
Биыл да қалыптасқан дәстүр бойынша Алматы облысынан соғысқа қатысқан 4 ардагерге 5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Жеңіске жету жолында тыл еңбеккерлерінің де қосқан үлесі зор болды. Соғыс жылдары ауыр еңбек пен зор жауапкершілікті мойындарына алып, майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін күн-түн демей еңбек етті.







