2026 жылғы 20 наурызда Боралдай ауылының аудандық ауруханасында мекеме директорының қатысуымен қызметкерлерге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша, атап айтқанда медицина қызметкерлерінің қызметіне кедергі келтіру және оларға қарсы құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілікке қатысты 380-3-бап бойынша түсіндіру іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалу деңгейін арттыру, олардың кәсіби қызметіне заңсыз араласудың алдын алу, сондай-ақ қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын нығайту болды.
Кездесу барысында 380-3-баптың мазмұны жан-жақты түсіндіріліп, медицина қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде заңмен қорғалатыны атап өтілді. Ерекше назар медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану, қорқыту, қорлау, сондай-ақ олардың жұмысына кедергі келтіретін кез келген әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынына аударылды.
Іс-шара аясында тәжірибелік мысалдар келтіріліп, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қарастырылды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды белсенді түрде қойып, толыққанды жауаптар алды.
Мекеме басшылығы медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау басым міндеттердің бірі екенін атап өтіп, алдағы уақытта осындай түсіндіру іс-шараларын тұрақты түрде өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.







